3 қарашада Ақтөбе облысы Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында 2026 жылы қаңтар айында «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен ашылған «Ainala» оңалту орталығында ашық есік күні өтті.

Орталық тірек-қимыл аппараты бұзылған, сондай-ақ психоневрологиялық ауытқулары, оның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары бар 3-18 жас аралығындағы балаларға кешенді көмек көрсетеді.
Іс-шараға «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, әлеуметтік сала мамандары және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары қатысты.
Қонақтар орталықтағы оңалту жабдықтарымен және арнайы кабинеттердің жұмысымен танысты. «Ainala» орталығы 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға арналған. Мұнда күндізгі және тәулік бойы стационарлық ем алу қарастырылған. Бұл ауылдық елді мекендерде тұратын отбасылар үшін маңызды. Енді балалар қажетті оңалту көмегін алу үшін облыс орталығына қайта-қайта қатынамайды.

Қазіргі уақытта Шұбарқұдықтағы орталыққа 11 бала барады. Мұнда АВА-терапия кабинеттері, емдік дене шынықтыру және механотерапия залдары, сенсорлық интеграция бөлмелері, тұз бөлмесі, иммерсиялық ванна, еңбек және арт-терапия шеберханалары жабдықталған. Балалармен невролог, психолог, логопед, дефектолог мамандар және емдік дене шынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді. Кешенді оңалту балалардың қимыл-қозғалыс, қарым-қатынас және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған.
Кездесу барысында Альфия Адиева «Samruk-Kazyna Trust» қорының өңірде жүзеге асырған әлеуметтік жобалары мен болашаққа жоспар туралы баяндады.
Бүгінде Samruk-Kazyna Trust қолдауымен елімізде бес «Ainala» оңалту орталығы жұмыс істейді. Олар Шығыс Қазақстан облысының Бозанбай ауылында, Түркістан облысының Атакент ауылында және Сарыағаш қаласында, Ақтөбе облысының Шұбарқұдық ауылында, сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орналасқан.

Жоба Samruk-Kazyna Trust қоры мен «Baquatty Aimaq Qory» қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісіліп, 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілген.
2016–2026 жылдары Samruk-Kazyna Trust қолдауымен Ақтөбе облысында жалпы құны 4,88 млрд теңгені құрайтын 32 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру мақұлданды. Бастамалар денсаулық сақтау, білім беру, спорт және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағыттарын қамтиды. Олардың игілігін 759 мыңнан астам адам көріп, 248 жұмыс орны ашылды.

